ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ
«ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ» КеАҚ
ЖАРАТЫЛЫСТАНУ ИНСТИТУТЫ, БИОЛОГИЯ КАФЕДРАСЫ
«Өсімдіктер физиологиясы» пәнінде зерттеуге негізделген оқыту (IBL) әдісі арқылы зерттеушілік қабілеттілікті қалыптастыруға арналған цифрлық оқу-әдістемелік модуль
Орындаған
Дигарбаева Асем Молдажановна
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Жаратылыстану институты Биология кафедрасы 8D01504 (6D011300) - Биология БББ докторанты
5
Дәріс
5
Зертханалық жұмыс
8
ОСӨЖ тапсырмасы
5
СӨЖ тапсырмасы
ТҮСІНІКТЕМЕ
Қазіргі жоғары білім беру жүйесінде биологияны оқыту теориялық білімді меңгертумен ғана шектелмей, білім алушылардың зерттеушілік қабілеттіліктерін, сыни ойлауын және ғылыми-зерттеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Осы талаптарға сәйкес ұсынылып отырған цифрлық оқу-әдістемелік модуль болашақ биолог мұғалімдердің кәсіби даярлауға арналған.
Цифрлық оқу-әдістемелік модулінде зерттеуге негізделген оқыту (IBL) әдісінің кезеңдері (проблеманы анықтау, болжам ұсыну, эксперимент жүргізу, деректерді талдау және қорытынды жасау) жүйелі түрде ұйымдастырылып, зертханалық тәжірибелермен ұштастырылды. Бұл әдіс студенттердің ғылыми-зерттеу, талдау, эксперименттік және кәсіби қабілеттіліктерін дамытуға, сонымен қатар теориялық білімді тәжірибемен байланыстыра отырып меңгеруге мүмкіндік береді.
Мақсаты
Цифрлық оқу-әдістемелік модульді әзірлеудің мақсаты — студенттердің зерттеушілік қабілеттілігін қалыптастыруда «Өсімдіктер физиологиясы» пәні бойынша зерттеуге негізделген оқыту (IBL) әдісін қолдану.
Міндеттері
- 1 «Өсімдіктер физиологиясы» пәнінің зерттеушілік мазмұнын зертханалық тәжірибелер негізінде жүйелеу;
- 2 зерттеуге негізделген оқыту (IBL) әдісінің кезеңдеріне сәйкес цифрлық оқу материалдарын әзірлеу;
- 3 жүгері сорттарының ауыр металдарға төзімділігін зерттеу әдістері мен тәсілдерін сәйкес тақырыптарға кіріктіру;
- 4 студенттердің ғылыми-зерттеу, талдау, эксперимент жүргізу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған тапсырмалар жүйесін әзірлеу.
Ұсынылған цифрлық оқу-әдістемелік модуль жоғары білім беру жүйесінің қазіргі талаптарына сәйкес әзірленген және «Өсімдіктер физиологиясы» пәнін оқытудың зерттеушілік бағытын дамытуға арналған кешенді әдістемелік ресурс болып табылады.
📘 Дәрістер модулі
«Өсімдіктер физиологиясы» пәнінен IBL әдісі бойынша 5 дәріс
Дәрістің мақсаты
Болашақ биология мұғалімдеріне зерттеуге негізделген оқыту (IBL) әдісінің ғылыми-теориялық негіздерін түсіндіру, оның биологияны оқытудағы дидактикалық мүмкіндіктерін ашу және студенттердің зерттеушілік қабілеттіліктерін қалыптастырудағы рөлін негіздеу.
Негізгі ұғымдар
Жоспар
- 1.Зерттеуге негізделген оқыту (IBL) әдісінің пайда болуы және даму тарихы
- 2.Зерттеуге негізделген оқыту (IBL) әдісінің теориялық негіздері
- 3.IBL әдісінің құрылымы және негізгі кезеңдері
- 4.Биологияны оқытудағы зерттеуге негізделген оқытудың дидактикалық мүмкіндіктері
- 5.Болашақ биология мұғалімдерінің зерттеушілік қабілеттіліктерін қалыптастырудағы IBL рөлі
Кіріспе
XXI ғасырдағы білім беру жүйесінің негізгі ерекшеліктерінің бірі – білім алушылардың дайын білімді меңгеруінен ғылыми білімді өздігінен құрастыруға көшу болып табылады. Қазіргі еңбек нарығы мен қоғам тек ақпаратты есте сақтайтын емес, оны талдай алатын, ғылыми тұрғыдан бағалайтын және жаңа жағдайда қолдана алатын мамандарды талап етеді.
Зерттеуге негізделген оқыту (IBL) әдісі білім алушыны оқу үдерісінің белсенді субъектісі ретінде қарастырады. Бұл әдісте студент дайын ақпаратты қабылдамайды, керісінше ғылыми мәселені анықтайды, зерттеу сұрағын құрастырады, болжам жасайды, тәжірибе жүргізеді, алынған нәтижелерді талдайды және қорытынды шығарады.
IBL әдісінің пайда болуы және даму тарихы
Зерттеуге негізделген оқыту идеяларының қалыптасуы американдық философ Джон Дьюидің еңбектерінен бастау алады. Жан Пиаже когнитивтік даму теориясында баланың білімді өз тәжірибесі негізінде құрастыратынын дәлелдеді. Лев Выготскийдің «жақын даму аймағы» тұжырымдамасы, Джером Брунердің жаңалық ашу арқылы оқыту (Discovery Learning) тұжырымдамасы қазіргі IBL технологияларының теориялық негіздерін қалыптастырды.
5E моделі — IBL-дің негізгі құрылымы
Қазіргі уақытта IBL әдісін жүзеге асырудың ең кең таралған үлгісі – 5E моделі:
- Engage — оқытушы студенттердің назарын зерттелетін мәселеге аударады.
- Explore — студенттер бақылау жүргізеді, тәжірибе жасайды, ақпарат жинайды.
- Explain — алынған нәтижелер талданып, ғылыми түсіндірме беріледі.
- Elaborate — жаңа білім басқа жағдайларда қолданылады, нәтижелер кеңейтіледі.
- Evaluate — студенттердің білімдері мен зерттеушілік дағдылары бағаланады.
Қорытынды
IBL әдісі қазіргі жоғары білім беру жүйесіндегі инновациялық педагогикалық технологиялардың бірі болып табылады. Биология пәнінің мазмұны зерттеушілік әрекетпен тығыз байланысты болғандықтан, IBL әдісін қолдану болашақ биология мұғалімдерінің кәсіби даярлығын жетілдірудің тиімді құралы болып табылады.
Бақылау сұрақтары
- 1.Зерттеуге негізделген оқыту (IBL) ұғымының мәнін түсіндіріңіз.
- 2.IBL әдісінің қалыптасуына қандай ғалымдардың еңбектері негіз болды?
- 3.Зерттеуге негізделген оқыту (IBL) әдісінің негізгі қағидалары қандай?
- 4.5E моделінің кезеңдерін сипаттаңыз.
- 5.Биология пәнінде IBL әдісін қолданудың артықшылықтары қандай?
- 6.Болашақ биология мұғалімдерінің кәсіби даярлығында IBL әдісінің рөлі неде?
Дәрістің мақсаты
Өсімдіктердегі стресс ұғымының физиологиялық негіздерін түсіндіру, стресс факторларының өсімдік ағзасына әсер ету механизмдерін қарастыру және зерттеу сұрақтарын құрастыру әдістемесін меңгерту.
Негізгі ұғымдар
Жоспар
- 1.Өсімдік стрессінің ғылыми мәні және физиологиялық негіздері
- 2.Өсімдіктердегі стресс факторларының жіктелуі
- 3.Ауыр металдардың өсімдік ағзасына әсері
- 4.Ауыр металдарды оқу-зерттеу объектісі ретінде пайдалану
- 5.IBL әдісіндегі зерттеу сұрағын құрастыру әдістемесі
- 6.Ғылыми гипотеза және зерттеу дизайнын жоспарлау
Кіріспе
Өсімдіктер қоршаған ортаның өзгермелі жағдайларында тіршілік ететін автотрофты организмдер болып табылады. Олар тіршілік барысында температураның өзгеруі, су тапшылығы, топырақтың тұздануы, ауыр металдардың жиналуы, ультракүлгін сәулеленудің күшеюі және әртүрлі патогендердің әсері сияқты қолайсыз факторларға ұшырайды.
Өсімдіктердің сыртқы ортаның қолайсыз әсерлеріне жауап ретінде көрсететін физиологиялық, биохимиялық және молекулалық өзгерістерінің жиынтығы стресс құбылысы деп аталады.
Стресс кезіндегі өзгерістер
Стресс кезінде өсімдіктерде: фотосинтез қарқындылығы төмендейді, тыныс алу өзгеріске ұшырайды, су алмасу бұзылады, минералдық элементтердің сіңірілуі нашарлайды, өсу процесі баяулайды, бос радикалдардың мөлшері артады.
Ауыр металдардың өсімдікке әсері
Ауыр металдар өсімдіктерге өте улы болып табылады. Кадмий (Cd) және мыс (Cu) — ең жиі зерттелетін ауыр металдар. Кадмий хлоропласттардың құрылымын бұзады, фотосинтезді тежейді, тамыр жүйесінің өсуін баяулатады. Мыс жоғары концентрацияда ферменттердің белсенділігін төмендетіп, мембраналық жүйелерді зақымдайды.
Зерттеу сұрағын құрастыру
IBL әдісінде зерттеу сұрағы оқу үдерісінің ядросы болып табылады. Жақсы зерттеу сұрағы нақты болуы, тәжірибелік тексеруге болатын болуы және ғылыми мәні болуы тиіс. Мысалы: «CuSO₄ және CdSO₄ ерітінділері жүгері сорттарының өнгіштігіне қалай әсер етеді?»
Бақылау сұрақтары
- 1.Өсімдік стрессі дегеніміз не?
- 2.Стресс факторлары қандай топтарға бөлінеді?
- 3.Ауыр металдардың өсімдікке әсері қандай?
- 4.Кадмий мен мыстың физиологиялық әсерлерін салыстырыңыз.
- 5.Зерттеу сұрағына қандай талаптар қойылады?
- 6.Гипотеза дегеніміз не?
- 7.Зерттеу дизайнының негізгі элементтерін атаңыз.
Дәрістің мақсаты
Өсімдіктердің стресс жағдайында қалыптасатын физиологиялық және биохимиялық қорғаныс механизмдерінің ғылыми негіздерін түсіндіру және зертханалық тәжірибелер арқылы модельдеу әдістемесін меңгерту.
Негізгі ұғымдар
Жоспар
- 1.Өсімдіктердің стресс жағдайына жауап беру ерекшеліктері
- 2.Өсімдіктердегі антиоксиданттық қорғаныс жүйесі
- 3.Осмореттеу механизмдері және пролиннің физиологиялық рөлі
- 4.Фитогормондардың стресс жағдайындағы қызметі
- 5.Қорғаныс механизмдерін зертханалық тәжірибелерде модельдеу
- 6.Болашақ биология мұғалімдерін даярлаудағы педагогикалық маңызы
Кіріспе
Стресс жағдайында өсімдіктердің тіршілігін сақтап қалуы олардың қорғаныс механизмдерінің тиімділігіне байланысты. Бұл механизмдер жасушалық, физиологиялық, биохимиялық және молекулалық деңгейлерде жүзеге асады.
Антиоксиданттық қорғаныс жүйесі
Стресс жағдайында өсімдік жасушаларында реактивті оттегі түрлері (ROS) түзіледі: супероксид радикалы (O₂⁻), сутек асқын тотығы (H₂O₂), гидроксил радикалы (OH•). Бұл заттар жасушалық мембраналарды, ақуыздарды және ДНҚ-ны зақымдайды. Өсімдіктердің антиоксиданттық жүйесі: супероксиддисмутаза (SOD), каталаза (CAT), пероксидаза (POX) ферменттері осы зақымдарды бейтараптауды қамтамасыз етеді.
Пролиннің физиологиялық рөлі
Пролин — стресс жағдайының маңызды көрсеткіші. Стресс кезінде пролиннің мөлшері артады. Пролин осмостық тепе-теңдікті сақтауға (осмопротектор), ROS-ты бейтараптауға (антиоксидант) және ақуыздарды тұрақтандыруға қызмет атқарады. Зертханалық жұмыстарда пролин мөлшерін анықтау өсімдіктің стресс деңгейін бағалауға мүмкіндік береді.
Фитогормондар
Абсциз қышқылы (АБА) — стресс гормоны ретінде белгілі. Ол устьицалардың жабылуына, транспирацияның азаюына ықпал етеді. Этилен стресс жағдайында жасушалардың апоптозын реттейді.
Бақылау сұрақтары
- 1.Өсімдіктердегі стресс жағдайында қандай физиологиялық өзгерістер байқалады?
- 2.Реактивті оттегі түрлері дегеніміз не?
- 3.Супероксиддисмутаза, каталаза және пероксидазаның қызметтері қандай?
- 4.Пролиннің стресс жағдайындағы рөлі неде?
- 5.Осмореттеу механизмдерінің маңызы қандай?
- 6.Абсциз қышқылының негізгі қызметін түсіндіріңіз.
- 7.Этилен стресс жағдайында қандай қызмет атқарады?
- 8.Ауыр металдардың әсерін бағалау үшін қандай көрсеткіштер қолданылады?
- 9.Қорғаныс механизмдерін модельдеудің педагогикалық маңызы қандай?
Дәрістің мақсаты
Студенттерге биологиялық зертханалық тәжірибелерді ғылыми негізде жоспарлау қағидаларын меңгерту, тәуелсіз және тәуелді айнымалыларды анықтау дағдыларын қалыптастыру және ауыр металдардың жүгері өсімдігіне әсерін зерттеу мысалында эксперименттік дизайн жасауды үйрету.
Негізгі ұғымдар
Жоспар
- 1.Биологиялық зертханалық тәжірибенің ғылыми мәні
- 2.Эксперименттік дизайнның негізгі элементтері
- 3.Тәуелсіз және тәуелді айнымалыларды анықтау
- 4.Зерттеу объектісі ретінде жүгері өсімдігін таңдау негіздері
- 5.Ауыр металдардың әсерін зерттеу кезеңдері
- 6.Зертханалық тәжірибе нәтижелерінің сенімділігін қамтамасыз ету жолдары
Кіріспе
Қазіргі биологиялық ғылымның негізгі ерекшеліктерінің бірі – табиғат құбылыстарын бақылау арқылы ғана емес, ғылыми эксперимент жүргізу арқылы зерттеу болып табылады. Зертханалық тәжірибе ғылыми болжамдарды тексерудің, себеп-салдарлық байланыстарды анықтаудың және жаңа білім алудың маңызды құралы.
Айнымалылар жүйесі
Тәуелсіз айнымалы — зерттеуші арнайы өзгертетін фактор: CuSO₄ және CdSO₄ концентрациялары (3, 5, 10 мг/л). Тәуелді айнымалы — өзгеруін бақылайтын көрсеткіштер: өнгіштік, тамыр ұзындығы, сабақ ұзындығы, хлорофилл мөлшері, пролин мөлшері.
Жүгері зерттеу нысаны ретінде
Зерттеуде Zea mays L. — жүгерінің 4 сорты пайдаланылады: Тұран-170, Тұран-480, Қазақстан-435, Тәуелсіздік-20. Жүгері тез өсетін, зертханалық жағдайда оңай өсіретін және стресс факторларына сезімтал өсімдік болып табылады.
Эксперимент кезеңдері
I — Тұқымдарды дайындау және зарарсыздандыру. II — Тәжірибені қою (бақылау + CuSO₄ + CdSO₄ нұсқалары, 3 қайталымда). III — Өнгіштікті анықтау (3, 5, 7 тәулік). IV — Биометриялық өлшемдер (14 тәулік). V — Биохимиялық талдау. VI — Статистикалық өңдеу.
Бақылау сұрақтары
- 1.Биологиялық тәжірибе дегеніміз не?
- 2.Эксперименттік дизайн қандай элементтерден тұрады?
- 3.Тәуелсіз және тәуелді айнымалылардың айырмашылығы неде?
- 4.Неліктен жүгері зерттеу объектісі ретінде таңдалды?
- 5.Бақылау тобының маңызы қандай?
- 6.Зерттеу кезеңдерін атаңыз.
- 7.Қайталым не үшін қажет?
- 8.Зертханалық тәжірибелер нәтижелерінің сенімділігі қалай қамтамасыз етіледі?
- 9.Биометриялық және биохимиялық көрсеткіштердің айырмашылығы қандай?
- 10.Статистикалық талдау не үшін жүргізіледі?
Дәрістің мақсаты
Студенттерге биологиялық зертханалық тәжірибелер нәтижелерін өңдеу, статистикалық талдау жүргізу, графиктер мен кестелер құру, алынған мәліметтерді ғылыми тұрғыдан интерпретациялау және дәлелді қорытынды жасау дағдыларын қалыптастыру.
Негізгі ұғымдар
Жоспар
- 1.Биологиялық зерттеулердегі деректерді талдаудың маңызы
- 2.Зертханалық тәжірибелер нәтижелерін өңдеу әдістері
- 3.Биометриялық және биохимиялық көрсеткіштерді салыстырмалы талдау
- 4.Графиктер мен диаграммалар құру әдістемесі
- 5.Биологиялық деректерді ғылыми интерпретациялау
- 6.Ғылыми қорытынды жасау принциптері
Кіріспе
Ғылыми зерттеудің басты мақсаты тек тәжірибе жүргізу ғана емес, алынған нәтижелерді ғылыми тұрғыдан дұрыс түсіндіру болып табылады. Зертханалық тәжірибелер барысында жиналған мәліметтер өздігінен ғылыми нәтиже болып саналмайды — олар арнайы өңделіп, талданып және түсіндірілген жағдайда ғана ғылыми ақпаратқа айналады.
Статистикалық өңдеу әдістері
Орташа арифметикалық мән (M) — зерттелген объектілердің жалпы жағдайын сипаттайды: x̄ = Σx / n. Стандарттық ауытқу (SD) — нәтижелердің орташа мәннен қаншалықты ауытқитынын көрсетеді. Сенімділік деңгейі — p < 0,05 нәтижелердің 95% сенімді екенін білдіреді.
Ғылыми интерпретация мысалдары
«Хлорофилл мөлшері төмендеді» дегеннің орнына ғылыми интерпретация: «Хлорофилл мөлшерінің төмендеуі ауыр металдардың фотосинтез аппаратына теріс әсер еткендігін және фотосинтетикалық белсенділіктің бәсеңдегендігін көрсетеді».
«Пролин мөлшері артты» дегеннің орнына: «Пролиннің жинақталуы өсімдіктің стресс жағдайына бейімделу реакциясы ретінде осмореттеу механизмдерінің белсенгендігін көрсетеді».
Ғылыми қорытынды жасау принциптері
Ғылыми қорытынды: зерттеу мақсатын ескеруі, гипотезаны тексеруі, негізгі нәтижелерді жинақтауы және практикалық маңызын көрсетуі тиіс. Мысалы: «CuSO₄ және CdSO₄ концентрацияларының жоғарылауы жүгері өсімдігінің өсу көрсеткіштерін төмендетті. Тәуелсіздік-20 сорты басқа сорттарға қарағанда жоғары төзімділік танытты».
Бақылау сұрақтары
- 1.Биологиялық деректерді талдау не үшін қажет?
- 2.Орташа арифметикалық мән қалай есептеледі?
- 3.Биометриялық көрсеткіштерге нелер жатады?
- 4.Биохимиялық көрсеткіштердің маңызы қандай?
- 5.Графиктердің қандай түрлері қолданылады?
- 6.Интерпретация дегеніміз не?
- 7.Хлорофилл мөлшерінің төмендеуін қалай түсіндіруге болады?
- 8.Пролиннің артуы нені көрсетеді?
- 9.Ғылыми қорытынды қандай талаптарға сәйкес жазылады?
- 10.Деректерді талдау зерттеушілік құзыреттілікті қалай дамытады?
🔬 Зертханалық жұмыстар модулі
IBL әдісінің 5E моделі негізінде ұйымдастырылған 5 зертханалық жұмыс
Мақсаты
Жүгері тұқымының өнгіштігі мен өсу энергиясын анықтау және әртүрлі орта жағдайларының тұқымның бастапқы өсу көрсеткіштеріне әсерін бағалау.
1-кезең · Engage — Қызығушылықты ояту
Тұқымның өнгіштігі өсімдіктің болашақ өнімділігін анықтайтын маңызды көрсеткіштердің бірі. Бірдей жағдайда өсірілген тұқымдардың өнгіштік көрсеткіштері әртүрлі болуы мүмкін.
Проблемалық сұрақ:
Неліктен бір сорттың барлық тұқымы бірдей өнбейді және өнгіштік көрсеткіші неге өзгереді?
Талқылау сұрақтары:
- Өнгіштік дегеніміз не?
- Өсу энергиясы дегеніміз не?
- Тұқымның өнуіне қандай факторлар әсер етеді?
2-кезең · Explore — Зерттеу
Зерттеу сұрағы:
Жүгері тұқымының өнгіштігі мен өсу энергиясы қандай деңгейде болады?
Гипотеза:
Егер тұқымдардың сапасы жоғары болса, онда олардың өнгіштігі мен өсу энергиясы жоғары болады.
Эксперименттік жұмыс — Зерттелетін сорттар:
- Тұран-170
- Тұран-480
- Қазақстан-435
- Тәуелсіздік-20
Әр сорттан 50 тұқым алынып, Петри табақшасына орналастырылады. Студенттер тәжірибе жоспарын құрып, күн сайын өнген тұқымдарды есептейді.
3-кезең · Explain — Түсіндіру
Студенттер алынған мәліметтер бойынша есептейді:
- Өнгіштік (%) = өнген тұқым саны / жалпы тұқым саны × 100
- Өсу энергиясы — белгіленген мерзімде қалыпты өнген тұқым саны
Нәтижелерді кесте мен диаграмма түрінде рәсімдейді; әр сорт бойынша жеке сипаттайды.
4-кезең · Elaborate — Тереңдету
- Сорттар арасындағы айырмашылықтарды салыстырады.
- Жоғары өнгіштік көрсеткен сорттарды анықтайды.
- Өнгіштік пен өсу энергиясының өзара байланысын талдайды.
Өнгіштік жоғары болған жағдайда өсу энергиясы да міндетті түрде жоғары бола ма?
5-кезең · Evaluate — Бағалау
Бағалау критерийлері:
- Зерттеу сұрағын түсіну
- Тәжірибені дұрыс жүргізу
- Есептеулердің дұрыстығы
- Ғылыми қорытынды жасау
6-кезең · Reflection — Рефлексия
- Өнгіштік пен өсу энергиясы туралы қандай жаңа білім алдыңыз?
- Қай сорт ең жоғары нәтиже көрсетті?
- Тұқым сапасын бағалауда бұл көрсеткіштердің маңызы қандай?
Мақсаты
Жүгері сорттарының вегетативті мүшелерінің (тамыр мен сабақтың) өсуіне ауыр металдардың әсерін зерттеу және әртүрлі сорттардың төзімділік деңгейін салыстыру.
1-кезең · Engage — Қызығушылықты ояту
Қазіргі кезде топырақтың ауыр металдармен ластануы ауыл шаруашылығы дақылдарының өсуіне теріс әсер ететін маңызды экологиялық мәселелердің бірі болып табылады.
Проблемалық сұрақ:
Неліктен кейбір жүгері сорттары ауыр металдардың әсеріне төзімді болса, ал кейбір сорттардың өсуі айтарлықтай тежеледі?
Талқылау сұрақтары:
- Вегетативті мүшелерге қандай мүшелер жатады?
- Өсімдіктің өсу қарқындылығын қандай көрсеткіштер арқылы анықтауға болады?
- Ауыр металдар өсімдіктің өсу процесіне қалай әсер етуі мүмкін?
2-кезең · Explore — Зерттеу
Зерттеу сұрағы:
CuSO₄ және CdSO₄ ерітінділерінің әсерінен жүгері сорттарының тамыры мен сабағының өсу көрсеткіштері қалай өзгереді?
Гипотеза:
Ауыр металдардың әсерінен жүгері өсімдіктерінің тамыр және сабақ ұзындығы төмендейді; сорттардың төзімділік деңгейі әртүрлі болады.
Тәжірибе нұсқалары:
- Бақылау (дистилденген су)
- CuSO₄ ерітіндісі
- CdSO₄ ерітіндісі
3-кезең · Explain — Түсіндіру
Белгілі мерзімнен кейін студенттер анықтайды:
- Тамыр ұзындығы (см)
- Сабақ ұзындығы (см)
- Жапырақ саны
- Өсімдіктің жалпы өсу қарқындылығы
Нәтижелер кестеге енгізіліп, диаграммалар жасалады; бақылау мен тәжірибе нұсқалары салыстырылады.
4-кезең · Elaborate — Тереңдету
- Әр сорттың өсу көрсеткіштерін салыстырады.
- Тамыр мен сабақтың ауыр металдарға сезімталдығын талдайды.
- Қай мүшенің көбірек зақымданатынын анықтайды.
Неліктен тамыр жүйесі ауыр металдарға бірінші болып әсер етеді?
5-кезең · Evaluate — Бағалау
Бағалау критерийлері:
- Зерттеу сұрағын түсіну
- Тәжірибені дұрыс ұйымдастыру
- Өлшеу нәтижелерінің нақтылығы
- Деректерді өңдеу сапасы
- Ғылыми қорытындының негізділігі
6-кезең · Reflection — Рефлексия
- Ауыр металдар жүгерінің вегетативті мүшелеріне қалай әсер етті?
- Қай сорт ең жоғары төзімділік көрсетті?
- Тамыр мен сабақтың реакциясында қандай ерекшеліктер байқалды?
- Алынған нәтижелер бастапқы гипотезаны растады ма?
Мақсаты
Жүгері тұқымының өну кезеңінде ауыр металдардың әсерінен қоректік қор заттарының (эндоспермнің) жұмсалу қарқындылығын анықтау және әртүрлі сорттардың физиологиялық ерекшеліктерін салыстыру.
1-кезең · Engage — Қызығушылықты ояту
Тұқымның өнуі кезінде жас өскіннің өсуі тұқымда жинақталған қоректік қор заттардың есебінен жүзеге асады. Ауыр металдар осы физиологиялық процестердің жүруіне әсер етуі мүмкін.
Проблемалық сұрақ:
Ауыр металдар әсер еткен жағдайда жүгері тұқымындағы қоректік қор заттардың жұмсалу қарқындылығы қалай өзгереді?
Талқылау сұрақтары:
- Тұқымның қоректік қор заттарына қандай заттар жатады?
- Өну кезінде қоректік заттар қандай қызмет атқарады?
- Ауыр металдар бұл процеске әсер ете ме?
2-кезең · Explore — Зерттеу
Зерттеу сұрағы:
CuSO₄ және CdSO₄ әсерінен жүгері тұқымының қоректік қор заттарды жұмсау деңгейі қалай өзгереді?
Гипотеза:
Ауыр металдардың әсерінен тұқымның қалыпты өну процесі бұзылып, қоректік қор заттардың жұмсалу тиімділігі төмендейді.
Студенттердің зерттеушілік әрекеті:
- Тұқымдарды өндіруге қояды
- Тәжірибе және бақылау топтарын ұйымдастырады
- Белгілі мерзімнен кейін тұқым қалдықтарының массасын анықтайды
- Бастапқы және соңғы көрсеткіштерді салыстырады
3-кезең · Explain — Түсіндіру
Есептеу формуласы:
Кестелер мен диаграммалар жасалып, сорттар бойынша мәліметтер салыстырылады.
4-кезең · Elaborate — Тереңдету
- Әртүрлі сорттардың қор заттарды пайдалану ерекшеліктерін салыстырады.
- Қор заттардың жұмсалуы мен өскіннің өсу көрсеткіштері арасындағы байланысты талдайды.
- Ауыр металдардың физиологиялық әсер ету механизмдерін түсіндіреді.
Ауыр металдар қор заттардың ыдырауына қалай әсер етеді?
5-кезең · Evaluate — Бағалау
Бағалау критерийлері:
- Зерттеу сұрағын дұрыс түсіну
- Тәжірибені орындау дәлдігі
- Есептеулердің дұрыстығы
- Ғылыми қорытындының негізділігі
6-кезең · Reflection — Рефлексия
- Қай сорт қор заттарды тиімді пайдаланды?
- Қор заттардың жұмсалу деңгейі мен өскін ұзындығы арасында байланыс бар ма?
- Тәжірибе нәтижелері бастапқы гипотезаны растады ма?
Мақсаты
Жүгері жапырағындағы фотосинтездік пигменттердің (хлорофилл-а, хлорофилл-b және каротиноидтар) мөлшерін анықтау және ауыр металдардың олардың жинақталуына әсерін бағалау.
1-кезең · Engage — Қызығушылықты ояту
Фотосинтез тиімділігі жапырақтағы пигменттер мөлшеріне байланысты. Хлорофилл-а мен хлорофилл-b жарық энергиясын сіңірсе, каротиноидтар өсімдікті тотығу стрессінен қорғайды. Ауыр металдар фотосинтездік аппараттың қызметін бұзуы мүмкін.
Проблемалық сұрақ:
Ауыр металдардың әсерінен жүгері жапырағындағы хлорофилл-а, хлорофилл-b және каротиноидтардың мөлшері қалай өзгереді?
Талқылау сұрақтары:
- Фотосинтездік пигменттердің өсімдік тіршілігіндегі маңызы қандай?
- Хлорофилл-а мен хлорофилл-b қандай қызмет атқарады?
- Каротиноидтардың қорғаныштық рөлі неде?
2-кезең · Explore — Зерттеу
Зерттеу сұрағы:
CuSO₄ және CdSO₄ әсерінен жүгері жапырағындағы хлорофилл-а, хлорофилл-b және каротиноидтардың мөлшері қалай өзгереді?
Гипотеза:
Ауыр металдардың әсерінен фотосинтездік пигменттердің мөлшері төмендейді, себебі олар хлоропласттардың қалыпты қызметін бұзады.
Студенттердің зерттеушілік әрекеті:
- Жапырақ үлгілерін жинайды
- Пигменттерді экстракциялайды
- Спектрофотометриялық талдау жүргізеді
- Оптикалық тығыздық көрсеткіштерін анықтайды
- Пигменттердің мөлшерін есептейді
3-кезең · Explain — Түсіндіру
Студенттер анықтайды:
- Хлорофилл-а мөлшері (мг/г)
- Хлорофилл-b мөлшері (мг/г)
- Жалпы каротиноидтар мөлшері (мг/г)
Нәтижелер кестелерге енгізіліп, бақылау мен тәжірибе нұсқалары бойынша диаграммалар жасалады.
4-кезең · Elaborate — Тереңдету
- Әртүрлі сорттардың пигменттік құрамын салыстырады.
- Пигменттердің өзгеруі мен өсімдіктің төзімділігі арасындағы байланысты талдайды.
- Фотосинтез қарқындылығының өзгеру себептерін түсіндіреді.
Қай пигмент ауыр металдардың әсеріне ең сезімтал болды?
5-кезең · Evaluate — Бағалау
Бағалау критерийлері:
- Зерттеу сұрағын дұрыс түсіну
- Спектрофотометриялық талдауды дұрыс орындау
- Есептеулердің нақтылығы
- Деректерді ғылыми тұрғыдан интерпретациялау
6-кезең · Reflection — Рефлексия
- Қай сортта пигменттердің мөлшері жақсы сақталды?
- Каротиноидтардың мөлшерінің өзгеруі өсімдіктің стресс жағдайына бейімделуімен байланысты ма?
- Алынған нәтижелер бастапқы гипотезаны растады ма?
Мақсаты
Жүгері тамырындағы бос пролин мөлшерін анықтау арқылы ауыр металдардың әсерінен туындайтын физиологиялық өзгерістерді бағалау және әртүрлі жүгері сорттарының стресс жағдайына бейімделу ерекшеліктерін зерттеу.
1-кезең · Engage — Қызығушылықты ояту
Пролин аминқышқылы — өсімдіктердің стресс жағдайына бейімделуінің маңызды көрсеткіші. Стресс жағдайында пролиннің мөлшері артып, жасушаларды зақымданудан қорғайды және осмостық тепе-теңдікті сақтайды.
Проблемалық сұрақ:
Ауыр металдардың әсерінен жүгері тамырындағы бос пролин мөлшері қалай өзгереді және бұл өзгеріс өсімдіктің төзімділігімен байланысты ма?
Талқылау сұрақтары:
- Пролиннің өсімдік тіршілігіндегі қызметі қандай?
- Неліктен стресс жағдайында пролин мөлшері артады?
- Пролин мөлшері өсімдіктің төзімділігін бағалауда көрсеткіш бола ала ма?
2-кезең · Explore — Зерттеу
Зерттеу сұрағы:
CuSO₄ және CdSO₄ әсерінен жүгері тамырындағы бос пролин мөлшері қалай өзгереді?
Гипотеза:
Ауыр металдардың әсерінен бос пролин мөлшері артады; төзімді сорттарда пролиннің жинақталу деңгейі жоғары болуы мүмкін.
Студенттердің зерттеушілік әрекеті:
- Тамыр үлгілерін жинайды
- Пролинді экстракциялайды
- Реактивтер көмегімен түсті реакция жүргізеді
- Спектрофотометриялық талдау орындайды
- Пролин мөлшерін стандарттық қисық бойынша есептейді
3-кезең · Explain — Түсіндіру
Студенттер анықтайды:
- Әр тәжірибе нұсқасы бойынша оптикалық тығыздықты
- Стандарттық қисық бойынша пролин мөлшерін (мкмоль/г)
Деректер кестелерге енгізіліп, сорттар мен тәжірибе нұсқалары бойынша диаграммалар жасалады. Студенттер пролиннің стресс жағдайындағы қорғаныштық қызметін түсіндіреді.
4-кезең · Elaborate — Тереңдету
- Әртүрлі сорттардағы пролин мөлшерін салыстырады.
- Пролин жинақталуы мен өсімдіктің төзімділігі арасындағы байланысты талдайды.
- Алынған нәтижелерді ғылыми әдебиет мәліметтерімен салыстырады.
Пролин мөлшерінің артуы әрдайым жоғары төзімділікті білдіре ме?
5-кезең · Evaluate — Бағалау
Бағалау критерийлері:
- Зерттеу сұрағын дұрыс түсіну
- Зертханалық жұмысты орындау дәлдігі
- Есептеулердің дұрыстығы
- Деректерді талдау сапасы
- Ғылыми қорытындының негізділігі
6-кезең · Reflection — Рефлексия
- Ауыр металдар пролин мөлшеріне қалай әсер етті?
- Қай сорт стресс жағдайында жоғары бейімделу қабілетін көрсетті?
- Пролин мөлшері мен өсімдіктің төзімділігі арасында қандай байланыс байқалды?
- Алынған нәтижелер бастапқы гипотезаны растады ма?
📝 Өзіндік жұмыстар
ОСӨЖ — 8 тапсырма · СӨЖ — 5 тапсырма
Өсімдіктер физиологиясының зерттеу нысаны және қазіргі ғылыми бағыттары
Мақсаты
Молекулалық, экологиялық және эволюциялық бағыттарды зерттеу арқылы ғылыми ақпаратты талдау және зерттеушілік дағдыларды қалыптастыру.
IBL зерттеу мәселесі
Қазіргі климаттық өзгерістер жағдайында өсімдіктер физиологиясын зерттеудің қай бағыты ауыл шаруашылығы үшін маңызды болып табылады?
Тапсырмалар
- Ғылыми мақалалар негізінде даму кезеңдерін анықтау
- Молекулалық, экологиялық, эволюциялық бағыттарды салыстыру
- Қазақстандық зерттеу бағыттарына шолу жасау
- Нәтижелерді постер / инфографика түрінде қорғау
Өсімдік жасушасының физиологиясы
Мақсаты
Өсімдік жасушасының құрылымы мен органоидтарының қызметін зерттеу арқылы құрылым мен функция арасындағы байланысты ғылыми тұрғыдан түсіндіру.
IBL зерттеу мәселесі
Өсімдік жасушасындағы қандай органоид фотосинтездің тиімділігіне шешуші әсер етеді?
Тапсырмалар
- Өсімдік жасушасының құрылымдық моделін әзірлеу
- Хлоропласт пен митохондрия қызметтерін салыстыру
- Органоидтардың физиологиялық рөлін дәлелдеу
- Концептуалдық картасын жасау
Өсімдіктердегі су алмасуы
Мақсаты
Өсімдіктердегі су режимі мен транспирация процестерін зерттеу арқылы сыртқы орта факторларының әсерін ғылыми негіздеу.
IBL зерттеу мәселесі
Температура мен ылғалдылықтың өзгеруі транспирация қарқындылығына қалай әсер етеді?
Тапсырмалар
- Транспирацияны анықтауға арналған эксперимент жүргізу
- Әртүрлі экологиялық топтағы өсімдіктердің су режимін салыстыру
- Нәтижелерді кесте және диаграмма түрінде көрсету
- Бейімделу механизмдерін ғылыми әдебиеттермен салыстыру
Фотосинтез
Мақсаты
Фотосинтездің жарық фазасын, фотожүйелердің құрылымын және фотофосфорлану механизмдерін зерттеу арқылы жарық факторларының фотосинтез қарқындылығына әсерін ғылыми негіздеу.
IBL зерттеу мәселесі
Жарық қарқындылығы мен жарық сапасының өзгеруі фотосинтез тиімділігіне қалай әсер етеді?
Тапсырмалар
- Әртүрлі жарық жағдайында фотосинтез қарқындылығын салыстыру
- I және II фотожүйелердің қызметін талдау
- Электрондар тасымалдану тізбегінің схемасын әзірлеу
- Нәтижелерді кесте / инфографика түрінде көрсету
Өсімдіктердің тыныс алуы
Мақсаты
Тыныс алу процесінің физиологиялық негіздерін және митохондриядағы энергия түзілу механизмдерін зерттеу.
IBL зерттеу мәселесі
Температура мен оттегі мөлшерінің өзгеруі өсімдіктердің тыныс алу қарқындылығына қалай әсер етеді?
Тапсырмалар
- Әртүрлі температурадағы тыныс алу деректерін талдау
- Электрондар тасымалдану тізбегінің схемасын құру
- Фотосинтез және тыныс алуды салыстырмалы сипаттау
- Нәтижелерді кесте және диаграмма түрінде көрсету
Өсімдіктердің минералдық қоректенуі
Мақсаты
Минералдық элементтерді сіңіру механизмдерін, олардың физиологиялық қызметтерін зерттеу арқылы ғылыми-зерттеушілік дағдыларды қалыптастыру.
IBL зерттеу мәселесі
Минералдық элементтердің жетіспеушілігі өсімдіктердің өсуі мен физиологиялық процестеріне қалай әсер етеді?
Тапсырмалар
- Макро- және микроэлементтердің қызметтерін жүйелеу
- Морфологиялық ерекшеліктерді салыстыру
- Апопластық және симпластық тасымал схемасын жасау
- Нәтижелерді кесте / диаграмма түрінде ұсыну
Өсімдіктердің өсуі және дамуы
Мақсаты
Өсімдіктердің онтогенезіндегі өсу мен даму заңдылықтарын зерттеу арқылы ішкі және сыртқы факторлардың әсерін ғылыми тұрғыдан негіздеу.
IBL зерттеу мәселесі
Сыртқы орта факторлары өсімдіктердің өсуі мен даму қарқындылығына қалай әсер етеді?
Тапсырмалар
- Әртүрлі орта жағдайындағы өсімдіктердің өсу көрсеткіштерін салыстыру
- Өсу мен даму ұғымдарын ғылыми әдебиеттер негізінде талдау
- Онтогенез кезеңдерін схема түрінде көрсету
- Нәтижелерді кесте / диаграмма түрінде ұсыну
Өсімдіктердің сыртқы ортаның қолайсыз жағдайларына төзімділігі
Мақсаты
Өсімдіктердің стресс жағдайларына физиологиялық бейімделу механизмдерін зерттеу арқылы олардың төзімділігін қалыптастыратын факторларды ғылыми тұрғыдан негіздеу.
IBL зерттеу мәселесі
Абиотикалық стресс факторлары өсімдіктердің физиологиялық көрсеткіштері мен бейімделу механизмдеріне қалай әсер етеді?
Тапсырмалар
- Құрғақшылық, тұздану, ауыр металдар әсері бойынша шолу
- Иммунитет түрлерін салыстырмалы сипаттау
- Пролин, пигменттер, антиоксиданттық жүйе өзгерістерін талдау
- Нәтижелерді кесте / концептуалдық схема түрінде ұсыну
📖 Глоссарий
Пәннің негізгі терминдері мен ұғымдары
Абиотикалық стресс
Тіршілік емес табиғат факторларының (температура, ылғалдылық, тұздылық, жарық, ауыр металдар) өсімдікке кері әсер ететін жағдайлары.
Адаптация
Өсімдіктің жаңа орта жағдайларына бейімделу қабілеті; физиологиялық, биохимиялық және морфологиялық өзгерістер жиынтығы.
Антиоксиданттық жүйе
Белсенді оттегі түрлерін (ROS) залалсыздандыратын ферменттер (СОД, каталаза, пероксидаза) мен молекулалардың жиынтығы.
Биометриялық көрсеткіштер
Өсімдіктің өсуін сипаттайтын өлшемдер: биіктік, жапырақ ауданы, тамыр ұзындығы, масса.
Биохимиялық көрсеткіштер
Пигменттер мөлшері, пролин, малон диальдегид, антиоксидант белсенділігі сияқты химиялық деңгейдегі зерттеу нәтижелері.
Биотикалық стресс
Тірі ағзалардың (бактерия, саңырауқұлақ, вирус, бунақденелілер) өсімдікке теріс әсері.
Гипотеза
Зерттеу сұрағына берілген алдын ала, тексерілуге болатын жауап; ғылыми зерттеудің жорамал негізі.
Ғылыми таным
Бақылау, гипотеза, эксперимент, талдау және қорытынды жасау кезеңдерінен тұратын жүйелі білім алу процесі.
Эксперимент
Гипотезаны тексеру үшін бақыланатын жағдайда жүргізілетін ғылыми іс-тәжірибе; IBL оқытудың негізгі компоненті.
Электрондар тасымалдану тізбегі
Хлоропластың тилакоид мембранасында немесе митохондрияда жүретін электрон тасымалдану реакциялар жиынтығы.
Зерттеу сұрағы
IBL моделінде зерттеуді бастайтын ашық, сыни тұрғыдан тексерілуге болатын негізгі сұрақ.
IBL (Inquiry-Based Learning)
Зерттеуге негізделген оқыту — студент сұрақ қоя отырып, гипотеза ұсынып, тәжірибе жүргізіп, қорытынды шығаратын дидактикалық тәсіл.
Интерпретация
Эксперименттен алынған деректерді ғылыми ұғымдар мен заңдылықтар арқылы мағыналы түсіндіру процесі.
Каротиноидтар
Сары-қызғылт пигменттер тобы; фотосинтездің көмекші пигменттері және антиоксиданттар ретінде жасушаны қорғайды.
Калвин циклі
Фотосинтездің қараңғы фазасы; CO₂ фиксациясы арқылы органикалық молекулалар синтезделетін циклдік реакциялар тізбегі.
Хлорофилл
Өсімдіктердің жасыл пигменті; күн жарығын сіңіріп, фотосинтезді жүзеге асыратын негізгі молекула.
Онтогенез
Жеке дамудың барлық кезеңдері: тұқым өнуінен қартаюға дейінгі өсімдіктің толық өмір циклі.
Осмостық реттеу
Жасушада осмостық қысымды реттейтін механизм; иондар, қанттар, пролин жинақтау арқылы жүзеге асады.
Пролин
Стресс жағдайында жасушада жинақталатын амин қышқылы; осморегулятор және «стресс маркері» ретінде қолданылады.
Рефлексия
IBL оқытудың соңғы кезеңі; студент оқу тәжірибесін бағалайды, не үйренгенін, қиындықтарды және болашақ бағытты ойластырады.
ROS (Reactive Oxygen Species)
Белсенді оттегі түрлері — стресс кезінде пайда болатын, жасуша құрылымдарын зақымдайтын молекулалар.
Статистикалық өңдеу
Эксперименттік деректерді математикалық тәсілдермен (орт. мән, с.а., t-критерий) талдау және нәтижелердің сенімділігін дәлелдеу.
Стресс (өсімдіктер)
Өсімдіктің физиологиялық нормасынан ауытқуына әкелетін кез келген сыртқы немесе ішкі зиянды фактордың әсері.
Транспирация
Өсімдік бетінен судың буланып шығу процесі; устьица арқылы реттеледі, жылуды реттеуге және минерал тасымалдауға қатысады.
Фитогормондар
Өсімдік жасайтын табиғи органикалық заттар (ауксин, цитокинин, гиббереллин, АБҚ, этилен) — өсу мен дамуды реттейді.
Термин табылмады
Басқа сөздермен іздеп көріңіз
🖥️ Презентациялар
Дәрістер бойынша слайд материалдары
Өсімдіктер физиологиясының зерттеу нысаны және қазіргі ғылыми бағыттары
Өсімдіктердің стресске физиологиялық жауабы
Зерттеу жобаларын жоспарлау және орындау
Биометриялық және биохимиялық деректерді өңдеу
Зерттеу нәтижелерін ресімдеу және қорғау